Ссылки доступа

Қырғыз саясаткері Текебаевтан президенттен рақымшылық сұрауын талап еткен


Қырғызстанның жазаны орындау мемлекеттік қызметінің басшысы Таалайбек Жапаров "Ата Мекен" лидері Омурбек Текебаевтан президентке рақымшылық беру жөнінде хат жазуды талап еткен. Бұл жөнінде саясаткердің адвокаты Таалайгүл Токтакунова мәлімдеді.

«Жазаны орындау қызметінің басшысы Текебаевқа президент әкімшілігі Роза Отунбаева бастаған бір топ саясаткерлердің ашық хатын жібергенін, енді оның кешірім сұрауға болатынын айтқан. Былайша айтқанда, Текебаевтың өзінен рақымшылық сұрауды талап еткен», - дейді Токтакунова.

Ол Текебаевтың рақымшылық сұраудан бас тартқанын, өзін толық ақтап шығуға мақсат қойып отырғанын жеткізген. Енді адвокат жазаны орындау қызметі президент әкімшілігіне Текебаев бостандыққа шығудан бас тартты деп хат жазуы мүмкін деп күдіктенеді.

Бірақ жазаны орындау қызметінің баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарова мекеме басшысы Таалайбек Жапаровтың Текебаевқа бармағанын әрі рақымшылық жайында сөз қозғамағанын айтады.

Былтыр 25 желтоқсанда Роза Отунбаева Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің атына хат жазып, парламенттің экс-депутаты Омурбек Текебаевты босатуды сұраған.

Отунбаеваның үндеуіне парламенттегі алты фракцияның лидері қол қойған.

Бірақ экс-омбудсмен Турсунбек Акун Отунбаева мен депутаттар президентті заңды бұзуға итермелеп жатыр деп есептейді. Оның сөзінше, президенттен рақымшылықты тек сотталушының өзі ғана сұрай алады.

Осыған дейін президент Сооронбай Жээнбеков егер Омурбек Текебаев рақымшылық сұраса, кешіруге дайын екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG