Ссылки доступа

Астанада полиция Азаттық тілшілерін ұстады


Репортер Азаттыка Оркен Жоямерген.
Репортер Азаттыка Оркен Жоямерген.

Бүгін Астанада наразылық танытқан адамдарды суретке түсірмек болған Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген мен оператор Ержан Әмірхановты полиция ұстады.

Жоямергеннің телефон арқылы хабарлауынша, әріптесі екеуі парламенттегі жиынға кетіп бара жатқан жолда үкімет үйі маңында наразылық танытып, плакат ұстап тұрған бірнеше адамды көрген. Оператор Ержан Әмірханов наразыларды суретке түсірмекші болған, сол кезде полиция наразыларды, олармен бірге Азаттықтың екі журналисін ұстаған. Оларға не себепті ұсталғандарын түсіндірместен Есіл аудандық ішкі істер басқармасының №13 учаскелік полиция пунктіне апарған.

Сол жерде полиция өкілдері тілшілерді "қателесіп ұстағандарын" айтқан, бірақ олардан наразы топты түсіріп алған суреттерді өшіріп тастауды талап еткен. Алайда Азаттық тілшілері сурет өз меншіктері екенін айтып, оны өшіруден бас тартқан. Бұдан соң полиция Азаттық тілшілерін босатқан.

Наразыларды полиция ұстап әкеткендіктен олардың қандай мақсатпен үкімет үйінің алдына шыққанын анықтау мүмкін болмады. Кейін мәлім болғанындай, наразылар биліктен журналист Тоқберген Әбиевті босатуды талап еткен. Астанадағы "Заң және сот төрелігі" баспасөз клубының және Abiyev.kz сайтының жетекшісі Тоқберген Әбиев "сот пен мемлекеттік органдар жұмысына килігу" ісі бойынша өткен жылы 5 желтоқсанда сот үкімімен бір жылға сотталған. Ол жазасын қоныс колониясында өтеуі тиіс.

Қазақстанда полиция бұған дейін түрлі наразылық шараларынан хабар таратпақ болған Азаттық тілшілерін бірнеше рет ұстаған.

XS
SM
MD
LG