Ссылки доступа

Сауд Арабиясының қонақ үйден шықпай қойған азаматы босқын мәртебесін алды


Біріккен Ұлттыр Ұйымы Сауд Арабиясының 18 жастағы азаматы Рахаф Мохаммед әл-Кунунға босқын мәртебесін берді.

Бұл туралы Австралия ішкі істер министрлігі хабарлады. Әл-Кунун босқын мәртебесін беруді осы елдің билігінен сұраған.

Сауд қызының мәлімдеуінше, оның австралиялық визасы болған, ол өз отбасынан осы елге қашқысы келген.

Таиландта оның әкесі мен бауыры жүр, бірақ қыз олармен кездесуден бас тартты.

Әл-Кунун Кувейтте отбасымен бірге демалыс уақытында қашып кеткен. Бірақ ол Таиландқа ұшақтан түскен уақытта төлқұжатын Сауд елшілігінің өкілі алдап алып қойған. Одан кейін қыз Бангкок әуежайындағы қонақ үй бөлмесінен шықпай қойды. Бір тәуліктен соң Таиланд билігі Рахафты еліне немесе Кувейтке қайтармайтынын мәлімдеді. Оны қонақ үйден БҰҰ өкілдері алып кетті.

BBC телеарнасына сұхбат берген қыз исламнан бас тартқанын, оны елінде өлім жазасы күтіп тұрғанын мәлімдеген.


Сауд Арабиясында әйелдер құқықтары қатты шектелген. 2017 жылы ғана әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат берілді. 2018 жылы қаңтарда әйелдер алғаш рет стадионда футбол көрді.

XS
SM
MD
LG