Ссылки доступа

Омурбек Текебаевты ауруханадан түзету колониясына ауыстырды


Былтыр 13 желтоқсаннан бері Ұлттық кардиология орталығында емделіп жатқан "Ата Мекен" партиясының лидері Омурбек Текебаев №47 түзету колониясына ауыстырылды.

Жазаны орындау мемлекеттік қызметінің баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарова себебін былайша түсіндірді:

- Ауруханада жатып емделуге қажеттілік болмады, сол себептен колонияға ауыстырылды. Ол жазасын осыған дейін отырған №47 абақтыда өтейді.

Соңғы екі айдан бері Қырғызстанның бұрынғы президенті Роза Отунбаева бастаған бір топ саясаткерлер мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековтен Текебаевқа рақымшылық жасауды сұраған.

"Ата мекен" партиясының парламенттегі лидері Алмамбет Шыкмаматов Текебаевты ауруханадан түрмеге қайта ауыстырғаннан кейін, оны бостандыққа шығарады деген үміт азайды дейді.

"Ата Мекен" партиясының лидері, Жогорку Кеңештің бұрынғы спикері, депутат Омурбек Текебаев 2017 жылдың ақпан айында ұсталған. Ол коррупция айыбы бойынша айыпты деп танылған.

Президент Сооронбай Жээнбеков 19 желтоқсанда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде "Ата Мекен" лидерін бостандыққа шығару мәселесіне араласқысы келмейтінін, бірақ егер оның өзі рақымшылық сұраса, кешірім беруге дайын екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG