Ссылки доступа

"Зорланған бала" ісі бойынша сот үкімі шықты


10 қаңтарда Шымкенттегі Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Абай ауылында "зорланған баланың" ісі бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.

Судья Самиддин Темірәлиевтің шешімімен 2002 жылы туған айыпталушы Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер") айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушы тараптың апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.

Жәбірленуші баланы сотқа әкелмеді. Сот үкімін тыңдауға шешесі келді.

2018 жылы 26 қыркүйекте басталған сот процесі жабық өтті.
Бұған дейін Қазақстан бас прокуратурасының тергеу тобы Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Абай ауылында "зорланған бала" ісі бойынша 14 кешенді сот сараптамасы мен төрт түрлі зерттеу жүргізілгенін мәлімдеген. Прокурор айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

"Төрт күдіктінің ішінде біреуі ғана 14 жасқа толған. Оның ісі Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігіне ("Кәмелетке толмаған балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау") сәйкес деп танылды. Қалғандарына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Себебі олар 14 жасқа толмаған. Оқиғаның басқа мән-жайы жарияланбайды" деп хабарлаған бас прокуратураның баспасөз қызметі.

13 наурызда Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жасар жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағанын" айтқан. Ол жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын жеткізген. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырған.

XS
SM
MD
LG