Ссылки доступа

Трамп "шатдаунға" бола Давос форумына бармайды


Дональд Трамп Ақ үйдегі Овал офисінде, 8 қаңтар, 2019 жыл
Дональд Трамп Ақ үйдегі Овал офисінде, 8 қаңтар, 2019 жыл

АҚШ президенті Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға (ДЭФ) бармайтын болып шешті.

Бұл жөнінде Дональд Трамптың өзі Твиттердегі парақшасына жазды. Сапардан бас тартуына Конрестегі басымдыққа ие демократтармен Мексикамен шекараға дуал тұрғызуға қатысты бюджетпен келісе алмағаны себеп болған.

"Біздің еліміздің шекара қауіпсіздігі үшін аса маңызды мәселеде демократтармен ымыраға келе алмағандықтан Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға бармаймын", – деп жазады Трамп. Ол осы үшін форумды ұйымдастырушылардан кешірім сұрады.

Трамп Конгрестен оңтүстік шекараға дуал тұрғызу үшін бес млрд доллардан астам қаражат сұраған. Бірақ АҚШ Конргесінің басым бөлігін құрайтын демократтар дуалды қаржыландырудан бас тартты. Бұл үкімет жұмысының жартылай тоқтатуына әкелді. 22 желтоқсаннан бері 800 мың америкалық мемлекеттік қызметкер айлық алмай отыр. Bloomberg-тің жазуынша, бұл әр екі апта сайын елде өндірістің 0,1 пайызға қысқаруына әкеліп жатыр.

10 қаңтарда Трамп Мексикамен шекараға дуал тұрғызу мәселесі шешілмесе, елде төтенше жағдай орнатуы мүмкіндігін айтты.

XS
SM
MD
LG