Ссылки доступа

ҚСДП: Қытайға қарсы митингтерді ұйымдастырды деп Атамбаевқа жала жаппақ


Қырғызстанның Социал демократиялық партиясы (ҚСДП) елдегі антиқытайлық митингтерді біздің саяси ұйыммен байланыстыру әрекеттері жиілеп кетті деп мәлімдеді. Осыған орай партияның баспасөз хатшысы Кундуз Жолдубаева арнайы мәлімдеме таратты.

«Кезекті рет лас ақпараттық арандату арқылы біздің саяси қарсыластарымыз жеке қателіктерін экс-президент Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарына қарсы пайдаланбақ. Кәсіби арнайы қызмет қажет деп тапса, еш қиындықсыз ұйымдастырушыларды анықтай алады», - делінген мәлімдемеде.

Баспасөз хатшы Қытайға қарсы митингтерге не Атамбаевтың, не ҚСДП-ның қатысы жоқ екенін атап өткен.

Былтыр желтоқсан айында Қырғызстанда Қытайдан келген заңсыз мигранттарға қарсы, оларды елден шығаруды талап еткен бірнеше акция өткен. «Кырк чоро» қозғалысының мүшелері егер билік талаптарына мән бермесе, бұл іспен өзіміз айналысамыз деп мәлімдеген.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде Қытайдан келіп жатқан заңсыз миграцияны тоқтату жайында видеоүндеулер кең тарап жатыр. ІІМ ресми хабарлама таратып, этникааралық қақтығыс туғызып, арандатқысы келетіндер қатаң жазаланады деп ескертті.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «бұл - мәселені саясиландырып, қарым-қатынасты бұзғысы келетін ішкі күштің әрекеті» деген. «Қандай сыртқы күш болуы мүмкін, білмеймін. Бірақ қандай ішкі күш екенін жақсы білеміз. Барлығын жауапқа тартамыз. Мемлекетте заң мен билік жұмыс істейді. Бізге ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Шара қолданып, мәселені шешеміз», - деді президент 9 қаңтарда Шу облысы, Сокулук ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде.

XS
SM
MD
LG