Ссылки доступа

Кабул "Ансаруллах жамааты" тобы экс-лидерінің ұлын Тәжікстанға экстрадициялады


Амриддин Табаров, "Ансаруллах жамааты" тобының жетекшісі. Архив суреті

Ауғанстан билігі "Ансаруллах жамааты" ұйымының бұрынғы лидерінің ұлын Тәжікстанға берді. Бұл - тәжік содырларынан құралған жалғыз ұйым.

"Ансаруллах жамааты" тобы 1990 жылдардың басында Пәкістанда құрылған, кейін біртіндеп "Домулло Амриддин" деген лақап атпен танымал Амриддин Табаровтың жетекшілік етуімен Ауғанстанға көшкен.

Табаровтың ұлы Саиджалолиддиннің экстрадицияланғанын, Ауғанстандағы Тәжікстан елшісі Шарофиддин Имомов хабарлады. Кабул сонымен бірге аталған топтың төрт мүшесін берген.

"Ансаруллах жамааты" лидері 2016 жылы өлтірілген. Оның екі ұлы Саиджалол мен Абдуфаттохты 2009 жылы америкалық әскерилер тұтқындаған. Осы жылдар бойы олар Баграмдағы әскери базаның түрмесінде отырған. Домулла Амриддиннің екінші ұлы Абдуфаттохтың не себептен Тәжікстанға берілмегені әлі белгісіз.

2016 жылы The Washington Post газеті Саиджалол мен Абдуфаттохтың жазасын өтеу мерзімі аяқталғанын, бірақ олар Тәжікстанға оралудан бас тартып, Баграм түрмесінде қалғанын жазған.

​"Ансаруллах жамааты" ұйымы "Өзбекстанның ислам қозғалысы" тобынан бөлініп шыққан. Құрамында тек тәжік содырлары бар. Бұл ұйымдар террористік топ ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG