Ссылки доступа

Трамп Ақ үйге 300 гамбургер алдыртып, ақшасын өзі төлеген


АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні кешке Ақ үйде Клемсон университетінің америкалық футбол командасы мүшелерін қабылдап, оларға тартылған гамбургер, пицца және қуырылған ұсақ картоп ақысын өз қалтасынан төлеген.

Президенттің ұйымдастыру жұмыстарын өзі атқарып, жеткізілген тамақ ақысын өз қалтасынан төлеуіне "шатдаун" себеп болды. АҚШ-та федералдық үкіметті қаржыландыру жартылай тоқтаған.

"Шатдаун" үш аптадан астам уақытқа созылды, Конгресс Мексикамен арадағы шекарада қабырға құрылысы мәселесіне байланысты 2019 жылдың бюджетін бекіте алмай отыр. Трамп Конгрестен қабырға құрылысына қаражат талап етті, оған демократтар қарсы шықты.

"Шатдаун" кесірінен қызмет көрсетушілердің дені ақысы төленбейтін демалысқа кеткен. Соның салдарынан Ақ үйге шақырылған футболшыларға банкетті ұйымдастыратын адам қалмаған.

Трамптың журналистерге хабарлауынша, McDonald's, Wendy's және Burger King желілерінен 300 гамбургерге тапсырыс берілген. "Спортшылардың сүйікті тағамы осы шығар деп ойладым", - деді Трамп.

"Шатдаун" кезінде Трамп уақытының көп бөлігін Ақ үйде өткізіп жүр.

XS
SM
MD
LG