Ссылки доступа

Прокурор Денис Тен өліміне күдіктілерге жаза сұрады


Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасы бойынша өтіп жатқан сотта сәрсенбі күні тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор Денис Тенді өлтірді деген күдіктілер Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ал "қылмысты хабарламады" деген күдікті Жанар Толыбаеваны 4 жылға соттауды сұрады. Прокурордың айтуынша, сот процесінде сотталушылардың айыбы толық дәлелденген.

Прокурор бұған қоса жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына Қиясов пен Құдайбергеновтің әрқайсысынан 30 айлық есептік көрсеткіш (немесе АЕК, бір айлық есептік көрсеткіш - 2525 теңге), Толыбаевадан 20 АЕК өндіруді сұрады.

Денис Теннің анасы Оксана Тен сот барысында сөйлеген куәгерлер мен өзге де сотталушылардың жауаптары негізінде сот тергеуін қайта жүргізу туралы өтініш білдірді. Ол сотталушыларға тағылған айыпты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімінің 8-тармағымен ("пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан адам өлтіру") қайта дәрежелеуді сұрады. Прокурор Оксана Теннің бұл туралы өтінішін бұған дейін сот қанағаттандырмағанын айтып, бүгінгі өтінішіне қарсылық білдірді.

24 жастағы Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов "қарақшылық" және "кісі өлімі" баптары бойынша айыпталып отыр. Сотталушы, 23 жастағы Жанар Толыбаеваға "қылмысты хабарламады" деп айып тағылған. Құдайбергенов пен Толыбаева 11 қаңтарда сотта өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеп, соттан айыпты өзгертуді сұраған. 14 қаңтар күнгі сотта Нұралы Қиясов "Мен кінәмді толық мойындаймын, алайда, біз кісі өлтіреміз деп алдын ала жоспарлаған емеспіз" деген.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақталып, ауруханада қаза тапқан. Спортшыны қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер пышақтап, ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.

XS
SM
MD
LG