Ссылки доступа

Тәжік астанасының тұрғындары өзбек газын пайдалана бастады


Жыл басынан бері Душанбенің жүздеген тұрғыны Өзбекстаннан жеткізілетін табиғи газды ұзақ жыл үзілістен кейін қайта пайдалана бастады.

Душанбедегі Мирзо Турсунзода көшесінің тұрғыны Зульфия Урунова 10 жыл өткеннен соң, шәйді қайтадан газға қайнатып іше бастады. «Әзірге қысым аз, тек шәй қайнатуға болады. Бірақ осыған да рақмет. Әр текше метр үшін 1 сомони 70 дирам төлейміз. Сонда айына шамамен 40 сомониға (4 доллардан асады) шығады», - дейді Зульфия.

Душанбенің өзге аудандарына газ әлі жетпеді. Көп аудандардың құбырлары жарамсыз болып қалған. «Душанбегаз» кәсіпорнының қызметкерлері жөндеу жұмыстарына ақша жетпейді деп отыр. Бірақ кейбір мейрамхана, кафе қожайындары өзбек газын пайдалану үшін, құбырды өз қаражатына жаңартып алған.

«Осыған дейін біз «Газпромнефт» және «Фароздың» сұйытылған газын пайдаланып келдік. Бір литр газ 4 сомони 50 дирам тұрды. Өзбек газы бізге екі есеге арзанға түседі», - дейді Катра кафесінің үйлестірушісі Марат Зинченко.

Өзбекстан тарабы газын Тәжікстанға тасымалдауды толық тоқтатқанға дейін, 2012 жылы мемлекеттік кәсіпорын әрбір текше метр үшін 350 доллар төлеген. Былтыр екі мемлекет басшысы қол қойған келісімге сәйкес, Тәжікстан енді әрбір текше метр үшін 120 доллар төлейтін болады.

XS
SM
MD
LG