Ссылки доступа

Денис Теннің анасы істің қайта тергелуін сұрады


Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты Алматы қаласында өтіп жатқан сотта марқұмның анасы істің қайта тергелуін сұрады.

Жәбірленуші тараптың пікірінше, айыпталушылардың әрекеттерінде тапсырыспен кісі өлтіру белгілері бар. Сотта 16 қаңтарда тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор үш айыпталушыға түрме жазасын сұрады.

Мәнерлеп сырғанаушының анасы Оксана Тен сотта күдіктілердің жүрген жолдары автокөлік иесінің кім екенін білгенін аңғартады деді. Ол бейнебақылау камералары мен сотталушылардың куәліктеріне сүйенді. Оксана Теннің айтуынша, телефон әңгімелерінің көшірме жазбасына қарасақ, айыпталушы Толыбаеваның, сонымен бірге "сот отырыстары барысында сұралған бірнеше адамның ортак контактілері болған, "сол арқылы олар кісі өлтіру оқиғасына дейін сөйлескен". "Бұл жағдайлар сотқа дейінгі тергеуде тиянақты тексерілмеген", - деді ол.

"Мен осы айтылған жайттар бойынша Алматы қалалық прокуратурасына істі сотқа дейін қайта тергеуге жіберіп, сол арқылы кінәлілерге "тапсырыспен кісі өлтіру" қылмысы бойынша айып тағу керек деп есептеймін", - деп жеткізді талабын Оксана Тен.

Прокуратура өкілі жәбірленуші тараптың өтінішіне қарсы шықты.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақтан алған ауыр жарақаттан ауруханада қайтыс болған. Қала орталығында көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған спортшыны әлдекімдер пышақтап кеткен.

XS
SM
MD
LG