Ссылки доступа

Денис Тен өліміне қатысты сот үкімі шықты


Алматыда сот спортшы Денис Тен өліміне айыпты деп танылғандарға үкім шығарды. Судья Кеңшілік Абдельдинов айыпталушы Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновті "қарақшылық жасады және кісі өлтірді" деп айыптап, 18 жылға соттады.

"Екеуі жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеуі тиіс" деді судья.

Ал "қылмысты хабарламады" деп айыпталған Жанар Толыбаеваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Үкімге сай, Қиясов пен Құдайбергеновтің әрқайсы 30 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 72 мың теңге), Толыбаева 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 50 мың теңге) көлемінде жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына қаржы төлеуі тиіс.

Айыпталушылар мен жәбірленушілердің апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

24 жастағы Құдайбергенов пен 23 жастағы Толыбаева 11 қаңтарда өткен сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндерін мәлімдеп, соттан айыпты өзгертуді сұраған. 14 қаңтардағы сот отырысында 24 жастағы Нұралы Қиясов "кінәмді толық мойындаймын, бірақ біз кісі өлтіреміз деп алдын ала жоспарлаған емеспіз" деп мәлімдеген.

Прокурор Қиясов пен Құдайбергеновті 20 жылға, Толыбаеваны 4 жылға соттауды сұраған.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақтан алған ауыр жарақаттан ауруханада қайтыс болған. Қала орталығында көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған спортшыны әлдекімдер пышақтап кеткен.

XS
SM
MD
LG