Ссылки доступа

Израиль Сириядағы "Хезболла" нысандарын зымыранмен атқылады


Израиль әскерилері қаңтардың 20-сы күні Голан жоталарының солтүстік жағына атылған зымырандарды қағып түсіргенін хабарлады. Бірақ Израиль тарапы зымырандарды кім атқанын және оған қарсы зымыран ұшырғанын, я ұшырмағанын айтпады.

Алайда, мұның алдында Сирияның мемлекеттік БАҚ-ы елдің зымыран шабуылынан қорғаныс күштері Сирияның оңтүстігіне "Израильдің әуеден жасаған соққысына тойтарыс бергенін" мәлімдеген. Сирия зымыран шабуылынан қорғаныс күштерінің Израиль ұшақтарының шабуылын тойтарғанын Ресей әскерилері де мәлімдеді.

Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымының мәліметінше, Израиль әскери ұшақтары Дамаск әуежайына соққы жасаған. DPA агенттігінің дереккөзі Дамаск оңтүстігінде орналасқан әуежайға бес зымыран атылғанын, бірақ зымыраннан қорғаныс жүйесі олардың барлығын қағып түсіргенін айтады. Шабуылдан адамдар зардап шеккені немесе нысандар қирағаны туралы мәлімет жоқ.

Сириядағы БАҚ-тың хабарлауынша, Израиль 12 қаңтарға қараған түні де Дамаск әуежайын зымыранмен атқылап, ираншыл "Хезболла" радикалдық ұйымы пайдаланып отырған әскери қоймаларды жойған. "Хезболла" жасақтары Сирия билігінің жағында соғысып жатыр. Израиль әуеден соққы жасағанын растап, Сирия аумағындағы Иран нысандарын жоюға хақы барын мәлімдеген.

Былтыр қыркүйекте Сирияның зымыран шабуынынан қорғаныс жүйесі Израиль шабуылына тойтарыс беру кезінде Ресейдің Ил-20 әскери ұшағын атып түсірген. Ұшақта болған 15 адам қаза тапқан. Ресей ұшақты атып түсіруге Израильді кінәлап, Сирияға С-300 зенит-зымыран кешендерін жеткізу туралы шешім қабылдаған. Бұл кешендердің қорғаныс сапына алынғаны туралы әзірге хабарланған жоқ.

XS
SM
MD
LG