Ссылки доступа

"Шатдаун" жаңғырығы Тәжікстанға да жетті


Америка үкіметінің жұмысы жартылай тоқтаған "шатдаун" жаңғырығы Тәжікстанға да жетті. АҚШ үкіметі қаржыландыратын Тәжікстандағы ұйымдар ақысы төленбейтін демалысқа кетті.

Былтыр 22 желтоқсаннан бері АҚШ-та үкімет жұмысы жартылай тоқтаған. Ел президенті Дональд Трамп Мексикамен шекараға дуал салу үшін бюджеттен қаржы бөлінбегендіктен, құжатқа қол қоюдан бас тартып отыр.

Тәжікстандағы ауыл шаруашылығы жерлерін суару жөніндегі Америка үкіметі қаржыландыратын жоба жетекшісі бір айға ақысыз демалысқа шыққанын хабарлады. «Бірақ бізге егер "шатдаун" мерзімі ұзаратын болса, демалыс мерзімі де ұзаруы мүмкін екенін ескертті», - деді аты-жөнін жасырған үкіметтік емес ұйым қызметкері.

Ресми мәлімет бойынша, 27 жыл ішінде АҚШ Тәжікстанға ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және қауіпсіздік саласын дамыту үшін 1,8 млрд доллар бөлген. АҚШ-тың Тәжікстанға назар аударып отыруының басты себебі, Ауғанстанмен шекаралас (шекара қашықтығы - 1344 шақырым) болуы. Былтыр 5 қазанда АҚШ Тәжікстанға құны 8 млн доллар болатын заманауи әскери техника берді.

Тәжікстандағы АҚШ елшісі мемлекеттік мекемелердің жұмысы қайта қалпына келмейінше, Facebook-тегі ресми парақшасы жаңармайды деп мәлімдеді.

Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің USAID аясындағы жобалары да уақытша тоқтап тұр.

XS
SM
MD
LG