Ссылки доступа

Қырғызстанда мемлекеттік тілді білмегені үшін шенеуніктерді жазалауды ұсынады


Қырғызстанның қоғам қайраткері, саясаткер Азимбек Бекназаров парламентке, үкіметке және президентке ашық хат жолдап, мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту керек деп мәлімдеді.

Ол Қырғызстан Конституциясына 2000 жылы ресми тіл ережесін енгізгеннен кейін, қырғыз тілінің жағдайы мүшкіл күйге жетті дейді. Мәселен елдегі жарнама тек орыс, ағылшын, корей және қытай тілдерінде жазылған дейді.

Азимбек Бекназаров мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерге қырғыз тілін жетік білуі керек деген талап қойылуы тиіс дейді. Ол сонымен бірге жарнама тілі қырғыз тілі болуы керек деп есептейді. Ал қырғыз тілін білмейтін шенеуніктерге бастапқыда 5,5 мың сом (80 доллар) көлемінде айыппұл салынғаны дұрыс дейді.

Осыған дейін Қырғызстанның саяси, қоғамдық күштері құрылтайының қоғамдық комитеті "Конституциялық реформа жөнінде" заң жобасын әзірлеген. Оған сәйкес, 2019 жылдың 24 қарашасында референдум өткізу жоспарланған. Онда Конституциядан орыс тілін ресми тіл мәртебесінен айыру қарастырылған.

Қырғызстанда Конституцияға сәйкес, орыс тілі ресми тіл болып саналады. Соңғы уақытта қалалық жерлерде құжаттардың орыс тілінде жүргізілуі көпшілік наразылығын туғызып келеді.

XS
SM
MD
LG