Ссылки доступа

Қырғыз циркінің әртістері жаппай жұмыстан кету жөнінде арыз жазды


Қырғызстанда мемлекеттік цирктің шығармашылық жетекшісімен қоса 30-дан астам әртісі жұмыстан кету жөнінде арыз жазған. Бұл жөнінде "Жаш Қырғызстан" труппасының жетекшісі Данияр Болокбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, арыздарымен бірге халықаралық байқауларда алған барлық жүлде, марапттау қағаздарын мәдениет министрі Азамат Жаманкуловқа тапсырмақ. "Министр бас директорды үш күн ішінде тағайындаймын деп уәде еткен. Бүгін үшінші күн өтті, әлі тым-тырым", - дейді Болокбаев.

Дүйсенбі, 21 қаңтарда мемлекеттік цирк әртістері парламент ғимараты алдында митингке шыққан. Олар екі айдан бері басшысыз қалғанын, жұмыстың тоқтап тұрғанын айтып шағымданған. Сонымен бірге олар цирк басшылығына орталарынан әріптестері Аида Акматованы тағайындауды сұраған. Кейін олар акцияны мәдениет министрлігі ғимараты алдында, сосын үкімет үйі алдында жалғастырды.

Қырғызстанның мәдениет министрі Азамат Жаманкулов үміткерлерді зерттеп жатқанын, себебі циркке ең бастысы жақсы менеджер керек екенін айтқан.

2004 жылдан бері басшылық еткен бұрынғы директор Құрманғазы Исанаевқа ұжымның көңілі толмағандықтан, қызметінен кеткен.

Қырғыз мемлекеттік циркі 1962 жылы құрылды. Онда қазір 130 адам жұмыс істейді, олардың 40-ы әртіс.

XS
SM
MD
LG