Ссылки доступа

Ресейде он мыңнан астам тәжік азаматы түрмеде отыр


Қазіргі кезде Ресейде он мыңнан астам тәжік азаматы түрмеде жазаларын өтеп жатыр. Бұл мәліметті Мәскеудегі Тәжікстан елшілігі таратты.

Ресей билігінің хабарлауынша, елде шамамен бір миллион тәжік азаматы бар. 2013 жылдан бастап ресейлік БАҚ "терроризмге қатысы бар" Тәжікстан азаматтарының ұсталғаны туралы жиі жазып келеді. Олардың бір бөлігі туған еліне қайтарылған, ал қалғаны Ресей түрмелерінде жазаларын өтеп жатыр.

Құқық қорғаушылар Ресей полициясының көп жағдайда ұсталғандар жайлы туыстарына хабарламайтынын жеткізеді. Ресейдегі мигранттар құқығын қорғайтын белсенді Каримжон Еровтың пікірінше, полиция мұндай кезде "тергеу амалдарына ештеңе кедергі келтірмеуі тиіс" деген қауіпсіздік факторларын алға тартады.

Соңғы бірнеше жылда түрлі операция барысында Орталық Азия елдерінің жүздеген азаматы ұсталған.

Өткен аптада Мәскеудің әскери соты Орталық Азия елдерінен келген 11 азаматты 6 мен 18 жыл аралығында түрлі мерзімге соттаған. Оларға "Ислам мемлекеті" террористік тобына мүше болды деген айып тағылған.

Ресейдегі Тәжікстан елшілігі бұл сот процесіне шақырылмағанын айтты. Олардың айтуынша, Ресей заңына сәйкес сотқа дипломаттар сотталушылардың өтінішімен шақыртылады.

Қазіргі кезде Ресей Интерпол арқылы Тәжікстанның 30 азаматына іздеу жариялаған. Олардың басым бөлігі терроризм күдігіне ілінген.

XS
SM
MD
LG