Ссылки доступа

Ашхабадта Құран кітабын алып келген әйел әуежайда ұсталған


Ашхабад әуежайында Түркиядан ұшып келген жолаушы ұсталған. Оның жүгінен діни әдебиет табылған.

Оқиға желтоқсан айының соңында Ашхабад халықаралық әуежайында болған. Түркияда жұмыс істейтін түркімен әйелі туыстарын көруге еліне оралған.

Әйел туыстарына сыйлық ретінде Құран кітабын алған екен. Бірақ бұл оның құқық қорғау органдары тарапынан тергелуіне себеп болған.

Азаттықтың түркімен қызметі (Азатлык) ұсталған әйелмен сөйлесіп, мына мәліметті анықтаған. "Әуежайдан түскеннен кейін, оның сөмкесін тексерген. Сөмкесінде сыйлыққа деп алынған бірнеше Құран кітабы болған. Ол ұсталып, 24 сағат тергелген", - дейді Азатлык тілшісі.

Құқық қорғау органдары қызметкері әйелден Құран кітабын қолына алып, оқуын сұраған. Бірақ ол дәрет алмай, кітапты оқудан бас тартқан. Келесі күні мешіт имамын шақырып, кітаптарды тексерткен.

Бір тәулік тергеуден кейін үйіне оралған күннің ертесіне жергілікті милиция бөлімшесі де тергеуге шақырған. Бірнеше күн өткен соң, Түркияға қайта кетпек болғанда, оған шетелге шығуға тыйым салынатынын айтып, әуежайдан кері қайтарған.

XS
SM
MD
LG