Ссылки доступа

Шалқарда төбелестен қаза тапқан оқушының өлімі "адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр


Ақтөбе облысының Шалқар қаласында болған оқушы өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлімі бойынша ("адам өлтіру") бабы бойынша іс қозғалды.

Бұл туралы Шалқар ауданының прокуроры Арон Әбілов мәлімдеді.

Өткен аптаның соңында Шалқарда №6 мектеп пен Ыдырыс Үргенішбаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары төбелесіп, бір оқушының кеуде тұсынан өткір затпен салынған жарақаттан қайтыс болғаны хабарланған.

Екі мектеп директорларының айтуынша, 26 қаңтар күні кешке оқушылар Шалқар көлінің шетіндегі мұз айдынында төбелескен. Төбелес кезінде Үргенішбаев мектебінің 10-сынып оқушысы Мирасбек Дәулетияр пышақтан жараланып, ауруханада қайтыс болған.

Шалқар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу-профилактикалық жұмыстары жөніндегі орынбасары Есенғали Көпеновтің айтуынша, белгісіз біреулер қансырап жатқан баланы аурухана қақпасының алдына әкеліп тастаған. Сол жерде өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдар оны ауруханаға кіргізген. "Науқасты алып келген кезде қан қысымы мүлдем болмады, жүрек тұсынан өткір нәрсемен терең жарақат салынғанын байқадық. Ауруханаға жеткізілген соң 15 минуттан кейін қайтыс болды" деді Көпенов.

№6 мектептің директоры Әлия Оспанованың айтуынша, бұл оқиғадан кейін осы мектептің 10-сыныбында оқитын төрт оқушы ұсталған. "Күдікті ретінде ұсталған 10-сынып оқушысы Асылбек Сабыр қазір ішкі істер бөлімінде. Үш оқушы куәгер ретінде жауап беріп, қазір босатылған" деді Әлия Оспанова.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты әзірге түсінік бермеді.

XS
SM
MD
LG