Ссылки доступа

Ташкент басшысына тиесілі компания жұмысшылары еңбек жағдайына шағымданды


Өзбекстандағы ең ірі құрылыс жобасы – Tashkent City'дің бас мердігері саналатын Discover Invest компаниясындағы мыңнан астам жұмысшы аптасына жеті күн 12 сағаттан жұмыс істейді.

Discover Invest өкілінің хабарлауынша, аталған компания Akfa Group холдингіне тиесілі. Холдинг акцияларының 70 пайызына Ташкент басшысы Жахонгир Артыкхожаев иелік етеді.

Discover Invest компаниясы жұмысшыларының айтуынша, 27 қаңтарда басшылық бес минут демалған он жұмысшыны жұмыстан шығарған соң жүзден астам адам жұмысты тоқтатты. Олар он шақты жұмысшыны әділтсіз жұмыстан шығарғаны үшін жаппай наразылық акциясын бастады. Наразы топ жұмыстан қуылғандар үш ай бойы 12 сағаттан жұмыс істегенін айтты.

"Қақаған аязға қарамастан, үш ай бойы демалыссыз жұмыс істеп жүрміз. Басшылық бес минут демалған жұмысшыларды суретке түсіріп, оларды шығарып жіберген. Ертесіне біз оларды қолдап шықтық. Үш жүз адам жұмысқа шығудан бас тартқан соң, басшылық кешірім сұрап, оларды қайтадан жұмысқа алды", - деді құрылысшылардың бірі.

Akfa Group холдингі Ташкент қаласының басшысы Жахонгир Артыкходжаевқа тиесілі екені Өзбекстанда ешкімге құпия емес.

Республикадағы еңбек туралы заңдарда жұмыс уақыты аптасына қырық сағаттан аспау керектігі айтылған.

XS
SM
MD
LG