Ссылки доступа

Венесуэладағы толқуларда 35 адам қаза тапқан


Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы наразылық барысында бір аптаның ішінде 35 адам қаза тапқан. Мадуро билігін елдегі оппозиция да мойындамай отыр.

Адам шығыны туралы соңғы деректі AFP агенттігі жергілікті адам құқықтарын қорғаушыларға сілтеме жасап хабарлады. Тағы бір адам құқығын қорғаушы Foro Penal ұйымының мәліметі бойынша, 850 адам қамалған.

Венесуэлада халық толқулары қаңтардың басында басталды. 21 қаңтарда Венесуэла билігі әскери бүлік басылғаны туралы хабарлады. Ұлттық ұлан сарбаздары көшедегі баскөтерулерді қолдауға талпынған, бірақ президент сарайына жақын маңда Мадуро жағындағы әскерге берілді. Олардың ұсталуы халық көтерілісіне дем берді. 23 қаңтарда Венесуэла Ұлттық ассамблеясының басшысы Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президенті деп жариялап, Каракаста оппозиция митингінде ант қабылдады.

Ол президент Николас Мадуро мемлекет басшысы қызметін атқаруға шамасы жетпейді деп мәлімдеп, елде шұғыл сайлау өткізуге уәде берді. Оны Латын Америкасының барлық дерлік мемлекеттері, сонымен бірге АҚШ, Австралия, Канада және Израиль уақытша президент ретінде таныды. Еуродақ елдері жақын күндері Венесуэлада кезектен тыс сайлау жарияланбаса, Гуайдоны президент деп тануға уәде берді.

Гуайдо Washington Post газетіне берген сұхбатында елдегі әскерилермен келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG