Ссылки доступа

Қазақстан коррупция жайлаған елдер қатарында қалды


Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2018 жылға арналған Жемқорлық индексінде алдыңғы жылмен салыстырғанда екі орынға төмендеген Қазақстан қазір 124-орында тұр.

Transparency International (TI) халықаралық ұйымы жыл сайынғы жемқорлық индексін жариялады. Ұйым есебінде 2018 жылы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің "мемлекеттік және қоғамдық салаларда сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуда ілгері баспай, аймақта демократияға қауіп төндіргені" айтылған.

2017 жылы жемқорлық индексінде 31 балмен 131-орында тұрған Қазақстан 2018 жылы дәл сондай 31 балмен екі саты төмендеп, Джибути, Габон, Мальдив және Непалмен қатарласқан. Қазақстан 2016 жылы жемқорлық индексінде 123-орында болған еді.

​Transparency Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры Ольга Шиянның сөзінше, TI есебінде Қазақстан қаржы министрлігі құрылымын коррупция жайлағанын, ал ішкі істер министрлігі өзіне жүктелген қызмет міндетін атқаруға "дәрменсіз" органға айналғанын атап көрсеткен. Ольга Шиян Қазақстанның биыл да 31 балл алуы "оң үрдіс" екенін және "еуропалық зерттеу институттары коррупцияға қарсы қабылданған шараларға баға бергенін" айтады.

Әлем бойынша талдау жасаған ұйым есебіндегі 180 елдің үштен екісінен көбі 2018 жылы жемқорлықпен күресте ең жоғарғы 100 балдың жартысын да жинай алмаған. Балл неғұрлым аз болса, мемлекеттің жемқорлық индексіндегі орны да төмендей береді.

Бұрын Совет одағы құрамында болған елдерден Эстония 18-орында, Литва – 38-орында, Грузия мен Латвия - 58-орында, ал Беларусь 70-орында аталған. Орталық Азия елдері арасында жемқорлық индексінде Түркіменстан - 161, Өзбекстан - 158, Тәжікстан - 152, ал Қырғызстан 132-орында тұр. Ресей былтырғымен салыстырғанда үш саты төмендеп, 138-орынға түскен.

XS
SM
MD
LG