Ссылки доступа

Қырғыз парламенті: саяси тұтқындарға рақымшылық беретін уақыт келді


Қырғызстан парламенті саяси тқтқындарға қатысты рақымшылық қолдану жағын ойлануды ұсынды.

30 қаңтарда депутаттар Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияның қабылдануына 70 жыл, 1938 жылғы саяси репрессия құрбандарын еске алуға 80 жыл толуына орай рақымшылық жариялау туралы заң жобасын талқылады.

Депутат Каныбек Иманалиевтің пікірінше, саяси мотивтермен сотталған саясаткерлерге де рақымшылық беру керек. Оның айтуынша, бірнеше жылда жиырмаға жуық саясаткер оппозициялық көзқарастары үшін түрмеге түскен.

Депутатты оның әріптесі Жанар Ақаев қолдап, биліктің ауысуына халық үмітпен қарайтынын айтты. Ол бірқатар саясаткерлердің, керісінше, жаза мерзімін ұзартып жатқанын атап өтті. "Бұны да ойланайық", - деді Ақаев.

Заң жобасының авторы депутат Исхак Масалиев бұл құжаттың саяси тұтқындарға қатысы жоқ екенін айтты. "Олардың жасаған әрекеттерінде саяси мотив бар екенін ешкім дәлелдеген жоқ. Бірақ уақыт келгені рас. Ойлану керек", - деп түйіндеді ол.

Үкіметтік емес ұйым - Саяси тұтқындарды қорғау комитеті Қырғызстанда шамамен 30 адам саяси мотивпен сотталғанын мәлімдеген.

Қазір Омурбек Текебаев, Садыр Жапаров, Бектур Асанов, Кубанычбек Кадыров, Бекболот Талгарбеков және басқа да саясаткерлер түрлі айыптаулармен түрмеде отыр.

XS
SM
MD
LG