Ссылки доступа

Өзбекстан Як-130 әскери ұшақтарын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізуде


Өзбекстан Ресеймен Як-130 әскери ұшақтарын сатып алу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде 30 қаңтарда «Коммерсант» газеті жариялады.

Басылымның хабарлауынша, Өзбекстанның қорғаныс министрлігі Иркутск авиациялық зауыты шығаратын Як-130 ұшағына қызығушылық білдіріп отыр. Келіссөз енді ғана басталған.

Як-130 ұшақтары ұшқыштарды әуеден шабуылдауға үйрету үшін қолданылады. Әскери жаттығуға арналған ұшақтарды осыған дейін Бангладеш, Мьянма, Беларусь және Лаос елдері сатып алған.

Өзбекстанның 2019 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында қорғанысты басқару жөнінде ұлттық орталық құру қарастырылған. Онда 2021 жылға дейін қорғаныс саласын заманауи қару-жарақ пен әскери техникалармен қамтамасыз ету көзделген.

Әлемде армиясы мықты елдердің рейтингісін түзейтін Military Strength Ranking көрсеткіші бойынша, 2018 жылы Өзбекстанның Қарулы күші 39-орында. Бірақ Орталық Азия елдері ішінде бірінші орында тұр. Өзбек армиясында 420 танкі, 715 БТР және БМП, 880 артиллерия қаруы, 143 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 179 ұшақ пен тікұшақ. Әскер саны - 76 500 адам, жылдық бюджеті – 70 млн доллар.

XS
SM
MD
LG