Ссылки доступа

Түркімен арнайы қызметі тыңшылыққа неміс құрылғысын пайдалануы мүмкін


Түркіменстанның арнайы қызметі өзінің азаматтарына қарсы репрессияға немістің Rohde & Schwarz компаниясының техникаларын пайдалануы мүмкін.

Азаттықтың түркімен қызметінің (Азатлык) үкіметтегі дереккөзінің айтуынша, немістің Rohde & Schwarz компаниясы қорғаныс пен байланыс министрліктеріне телекоммуникациялық жабдықтар жеткізген. Бұл құрылғылар веб-сайттарды бұғаттауға, телефон әңгімелерін тыңдауға, сонымен бірге смс алмасуға тыйым салуға арналған.

Rohde & Schwarz компаниясының Мюнхенде орналасқан штаб-пәтері бұл ақпаратты растамады да, теріске де шығармады. Дегенмен, компанияның Орталық Азия бойынша өкілі Виктория Герасимова "Rohde & Schwarz Түркіменстанға техника жеткізуді доғарған" деп мәлімдеді. Азатлык дереккөзі неміс компаниясы өздері сатқан техниканы түркімен азаматтарына қарсы тыңшылық үшін пайдаланатынын білмеуі мүмкін дейді.

Ал тыңшылықпен екі жеке компания айналысады екен. Дереккөздің мәліметі бойынша, бұл фирмаларға ұлттық қауіпсіздік министрлігінің бұрынғы қызметкері басшылық етеді.

Түркіменстанда тәуелсіз ақпарат құралдарының бәрі, оның ішінде Азатлык сайты да бұғатталған. Сонымен бірге Facebook, YouTube, Twitter VKontakte секілді әлеуметтік желілер мен WahtsApp, Telegram, Viber, Signal секілді мессенджерлер бұғатталған. Түркіменстандықтар әлеуметтік желіні пайдалану үшін VPN мен прокси қызметін қолданады.

Азатлыктың сұрақтарына ресми жауап берген Rohde & Schwarz компаниясының қоғаммен байланыс қызметінің өкілі Симон Кнайфл "Rohde & Schwarz өзінің бизнес қызметі жөнінде ешқашан ақпаратты құпия жүргізген емес. Компания барлық заң талаптарын қатаң сақтайды" деп жауап берді.

2018 жылдың 25 маусымында Human Rights Watch сенімді дереккөзіне сілтеме жасай отырып, Түркіменстан ұялы телефондар мен спутниктік байланысты бұғаттауға арналған техника іздеп жатыр деп хабарлаған. Құқық қорғау ұйымы ашық үндеуінде неміс компаниясынан Түркіменстанмен жасасқан келісімді ашуды талап етіп жатыр.

XS
SM
MD
LG