Ссылки доступа

Қырғызстанның оңтүстігінде 200 оқушы шатырларда оқып жатыр


Жалал-Абад облысының Ала-Бука ауданы, 1-май аймағына қарасты Ажек ауылының №20 орта мектебінің 200-дей оқушысы қаңтар айынан бастап шатырларда оқып жүр. Бұл жайында 1-май ауыл аймағының басшысы Мұқтар Шербаев хабарлады.

- Ескі мектептің екінші корпусының қабырғасы жырылып, оқушылардың өміріне қауіп төнгеннен кейін, былтыр қыркүйек айында мәдениет үйіне уақытша көшірілген. Қыста күннің қысқалығынан оқушыларды үш ауысымда оқыту мүмкін болмағандықтан, үш шатырға 200 оқушыны алып шықтық. Қалған оқушылар мәдениет үйінде білім алып жатыр, – деді Шербаев.

Елдің төтенше жағдайлар министрлігі мәдениет үйі алдына шатырлар тігіп берген. Ал жергілікті билік ішіне жылу кіргізіп берген. Әзірге Ажек ауылында жаңа мектеп салу қарастырылмаған.

Өзбекстанмен шекаралас бұл ауылда үш мыңдай адам тұрады. Мектеп ғимараты 1959 жылы салынған. Бүгінде апатты жағдайда тұр. Жалпы 1-май аймағында 8 мектеп бар болса, оның үшеуі апатты жағдайда екен.

XS
SM
MD
LG