Ссылки доступа

Иракта бес тәжік әйелі терроризм айыбымен өмір бойы түрмеге кесілді


Ирак соты 5 тәжік әйелін "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік ұйымына мүше болды деп айыптап, өмір бойы түрме жазасына кесті. Бұл жөнінде 31 қаңтарда Тәжікстанның Кувейт пен Ирактағы елшісі Зубайдулло Зубайдзода хабарлады.

Өмір бойы түрмеге кесілгендер Соғды облысы, Фархор ауданы мен Хатлон облысы, Абдурахмон Жоми ауданының тұрғындары.

Тәжік дипломатының сөзінше, Садорат Қурбонова, Мафтуна Маджидова, Гулрухсор Алиева, Гулбахор Сайфуллоева және Махфуза Курбоноваға қатысты сот шешімі бейсенбі күні шыққан.

Тәжікстандық тағы бір әйел Максуда Жахбароваға қатысты сот шешімі өзбек тілінде аудармашы табылмаған соң, кейінге қалдырылған. Ол - Пенжикенттің тұрғыны, екі баласы бар.

Ресми мәлімет бойынша, Иракта Тәжікстанның 43 әйелін әртүрлі мерзімге жазаға кескен. Олардың бәрі терроризм айыбымен айыпталған.

Осыған дейін Тәжік билігі әйелдердің дені күйеулеріне бола Сирия мен Иракқа аттанды деп мәлімдеген. ​ Ресми мәлімет бойынша, 400-ден астам тәжік әйелі мен балалары Таяу Шығыста болған.

Сирия мен Ирактың көп қалаларын ИМ-нен азат еткеннен кейін, әйелдер мен балалардың біразы Ирак түрмесіне түскен. Қалғаны Сириядағы БҰҰ-ның босқындар лагерінде. ИМ құрамында Тәжікстанның 2 мыңға жуық азаматы болған. Олардың көбінің тағдыры белгісіз.

XS
SM
MD
LG