Ссылки доступа

Германия елшісі: Бізді тәжік босқындарының саяси көзқарасы қызықтырмайды


Германияның Тәжікстандағы елшісі Найтхарт Хёфер-Виссинг
Германияның Тәжікстандағы елшісі Найтхарт Хёфер-Виссинг

Тәжікстандағы Германия елшісі Найтхарт Хёфер-Виссинг ресми Душанбе Германия аумағында жүрген оппозиция өкілдерін экстрадициялау мәселесін көтергенін мойындады.

Германияда Тәжікстанда тыйым салынған Исламның қайта жаңғыруы партиясы (ислам партиясы) мен «24 топтар» қозғалысының өкілдері көп шоғырланған. Онда сонымен бірге Душанбе билігінің жүргізіп отырған саясатымен келіспейтін журналистер мен саясаткерлер де тұрады.

«Біз Тәжікстан билігіне егер олардың қылмыс жасағаны жөнінде дәлелдеріңіз болса, беріңіздер дедік. Біз тексереміз, сосын шешім қабылдаймыз. Германияда шешімді тек сот қабылдайды», - деді неміс дипломаты.

Найтхарт Хёфер-Виссинг Германия билігін елінде жүрген босқындардың саяси көзқарасы қызықтырмайтынын, олар да жергілікті заңды бұзса, жауапқа тартылатынын атап өтті.

Былтыр тамыз айында Германия Тәжікстанға ислам партиясының өкілі Мұхаммадсиддик Файзрахмоновты экстрадицияламақ болған. Der Spiegel басылымының жазуынша, оппозиционерді жіберейін деп тұрған жерінен, СІМ араласып, тоқтатқан. Германияның босқындар жөніндегі мекемесі Файзрахмоновтың ісін қайта қарайтын болды. 34 жастағы Файзрахмонов ислам партиясының баспасөз хатшысы Махмуджон Файзрахмоновтың бауыры.

Тәжікстандықтардың Еуропадан босқын мәртебесін сұраушылар 2015 жылдың күзінен бастап көбейді. Душанбе билігі сол кезде ислам партиясын террористік ұйым деп таныған.

XS
SM
MD
LG