Ссылки доступа

Тәжікстан азаматтары бұдан былай Қатарға жұмыс істеуге бара алады


Биыл жазда Тәжікстанның еңбек мигранттары Қатарға жұмыс істеуге бара алады. Жұмыс күшін реттеу үшін екі ел осындай келісімге келді деп хабарлайды Азаттықтың тәжік қызметі.

Тәжікстанның еңбек министрінің орынбасары Нурулло Махмадуллозода бұл келісімнің тәжік азаматтары үшін жұмыс істеуге жаңа мүмкіндік беріп отырғанын айтады. "Бұл бағытта аз ғана құжаттарды реттеу ғана қалды. Енді мамыр-маусым айларында азаматтар Қатарға жұмыс істеуге баруына болады", – деді ол.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, жұмысшылар Қатарға жеке компаниялар арқылы барады. Ал сұраныс көп білікті мамандар жұмыспен қамту мемлекеттік агенттігі арқылы құжат рәсімдей алады.

Тәжік мигранттары Қатарға барар алдында араб тілін үйренуі қажет. Бірақ жұмыс беруші тарап тіл үйрену курсына кететін шығынды өтеп, сақтандырумен және тұратын жаймен қамтамасыз етеді екен.

2022 жылы Дохада футболдан әлем чемпионаты өтеді. Оған дейін Қатар барлық қажетті инфрақұрылымдарды салуы тиіс.

Сарапшылар бұл мүмкіндік Ресейге тәуелділікті төмендетеді деп отыр. Қазір Ресейде бір млн шамасында тәжік мигранты жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG