Ссылки доступа

Ферғанадағы банкте күндіз 100 мың доллар ұрланды


Ферғанада 5 ақпанда Халық банк филиалынан 100 000 доллар ұрланған. Ақша қолды болғаны жұмыс аяқталған соң белгілі болды. Түн жарымында қызметкерлердің барлығы ұсталып, үйлері тінтілген.

Банк қызметкерлерінің бірінің туысының айтуынша, милиция оларды түнімен тергеп, ертесіне таңертең ішкі істер департаментіне алып кеткен.

Милиция қызметкері банктен ақша ұрланғанын растады, бірақ оны кімдердің ұрлағаны туралы нақты болжам жоқ екенін айтты.

Халық банк қызметкерінің бір туысының айтуынша, банк кассирі 100 мың доллар ұрланғанын кешкі сағат онда тексеру кезінде байқаған. "Дабыл қағылып, банкте жұмыс істейтіндерді үйлерінен жинады. Таңғы сағат беске дейін банкте тергеді. Таңертең милиция бөліміне алып кетті. Оларға тамақтануға, жылы киінуге рұқсат бермеді", - деді куәгер.

Оның айтуынша, банкте жұмыс істейтін жиырма шақты адамның үйінде тінту жүргізілген.

"Жақында Халық банкке қолма-қол долларлар түскен. Сейфте 180 мың доллар сақталған, соның 100 мыңы жоғалды. Сейф кілті үш адамда - бөлім басшысында, бас бухгалтерде және кассирде болған", - деді дереккөз.

Өткен жылдың қазан айынан бері бақылау камералары жұмыс істемей тұрған, оны жөндеуге ешкім құлық танытпаған.

XS
SM
MD
LG