Ссылки доступа

Батыс Қазақстанда мұнай компаниясының жұмысшылары бас көтерді (видео)


7 ақпан таңғы сағат алтыда Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы KKS-SICIM компаниясының жүздеген жұмысшысы наразылық білдірді. Олар өздерінің айлығы мен жұмыс жағдайына көңілдері толмайтынын айтқан.

- Біз вахталық әдіспен жұмыс істейміз. 28 күн жұмыстамыз, 14 күн демаламыз. Жаңақала ауданынан осы Ақсайға 400 шақырым жерден келіп жұмыс істеймін. Бетондаушымын және айлығым - 160 мың теңге. Табысым отбасыма мүлдем жетпейді, - дейді есімін атағысы келмеген жұмысшылардың бірі.

Компанияның атқарушы директоры Алтын Кулбаева Азаттыққа наразылықтың болғанын растаған. Оның сөзінше, үш сағатқа созылған наразылықтан кейін екі жақ ортақ мәмлеге келген.

- Наразылық білдірген жұмысшылар айлығы мен жұмысына қатысты бұған дейін арызданған жоқ еді. Неліктен бұлай аяқастынан шыққанын білмеймін. Жиналғандар 160-250 мың теңге айлық алады. Әр жұмысшымен жеке сөйлесіп айлығын көтеретін болып келістік. Жалақы қанша пайызға өсетінін айта алмаймын, коммерциялық құпия, - деді компания өкілі.

Ал Азаттық тілшісімен сөйлескен жұмысшының сөзінше, жұмыс беруші айлықты 50 пайызға дейін көтеруге уәде берген. Қазір барлық жұмысшы жұмысқа шыққаны хабарланды.

KKS-SICIM - мұнай және газ саласында қызмет көрсететін компания.

XS
SM
MD
LG