Ссылки доступа

Аштық шегінде. Ауғанстан тұрғындары Душанбеден Пяндж көпірін ашуды сұрайды


Тәжікстанмен шекаралас ауған уезінің тұрғындары Душанбе билігінен Пяндж өзеніндегі көпірді ашуды сұрайды. 1 қаңтардан бері көпір қауіпсіздік себебімен жабылған.

Тәжік-ауған шекарасында Ауғанстанның Хохон, Куфоб және Шикай уездеріне азық-түлік апара жатқан 20 жүк көлігі тұрып қалған. Аталған елді-мекендерде 299 мың адам тұрады. Ауғанстанның солтүстік өңірі былтыр күзден бері жауып жатқан қалың қардан сыртқы әлемнен үзілген.

Ауған кәсіпкері Нурали Сайид 11 ақпанда ондаған тонна азық-түлік тиелген төрт жүк көлігінің шекарада тұрып қалғанын айтады. «Жүк көліктер өткен айдан бері тұр. Ондағы көкөністер шіріп кеткен болу керек», - дейді ол.

Өзін Махмадаслам деп таныстырған Хохон уезінің тұрғыны базарда азық-түліктің қалмағанын айтады. «Көпір ашылғанға дейін, біз қыста қор жинаймыз. Бірақ көпірді ашқаннан кейін, біз үнемі осылай болатын шығар деп, қор жинамап едік. Енді тұрғындар аштық алдында тұр. Біз көрші елдің көпірді ашуын сұраймыз», - деді Махмадаслам.

Билік бұл жағдайға түсініктеме бермеді. Тәжікстанның құқық қорғау органдарындағы дереккөз тәжік-ауған шекарасындағы көпір қауіпсіздікке байланысты жабылғанын айтты.

Ауғанстанның Бадахшан провинциясының губернаторы Ахмад Файсал Бекзод 11 ақпанда Тәжікстан билігі көпірді не үшін жапқанын әлі күнге дейін түсіндірмеді деп мәлімдеді.

Көпірдің жабылуына 2017 жылдың желтоқсан айындағы оқиға себеп болған. Онда ауған контрабандашылармен атыс болып, шекара отрядының командирі мерт болған.

XS
SM
MD
LG