Ссылки доступа

Түркия билігі мыңнан астам оппозиция өкілін қамауға алды


Түркия билігі ислам уағызшысы Фетхуллах Гюленнің қозғалысымен байланысы бар деген күдікпен мыңнан астам адамды қамауға алды.

CNN Turk телекомпаниясы таратып жатқан ақпарат бойынша, күдіктілердің дені Анкарада тұрады. Бірақ полиция арнайы операциясы елдің 76 аймағында жүргізіп жатыр.

2016 жылы Түркияда жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкерістен кейін 80 мыңнан астам адам ұсталып, 150 мыңға жуық мемлекеттік және әскери қызметкер жұмыстан қуылған. Түркия президенті Режеп Ердоғанды сынаушылар өзгеше ойлайтындарды басу үшін, бүлікті қолдан жасады деп айыптайды.

Фетхуллах Гюлен 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ол ислам қоғамдық қозғалысын құра отырып, 2013 жылға дейін Режеп Ердоғанмен өте жақын байланыста болған. Бірақ кейін президентпен келіспей қалған. Түркия билігі 2016 жылы елде әскери төңкеріс жасамақ болды деп айыптап, АҚШ-тан Гюленді экстрадициялауды бірнеше рет талап етті.

Соңғы екі жылда Түркияда "Хизмет" ұйымының да Гюленге қатысы бар деген күдікпен мыңдаған саясаткерді, судьяны, әскери және қоғам қайраткерлерін қамауға алған.

XS
SM
MD
LG