Ссылки доступа

Ашхабад базарларында нан бағасын мәжбүрлеп түсіріп жатыр


Өткен аптадан бері Ашхабад базарларында тандыр нанның бағасы бір манаттан аспау керектігі жөнінде хабарландырулар ілінген. Бұл жөнінде Азаттықтың түркімен қызметі (Азатлык) жазды.

“Бұл хабарландыруда жергілікті шенеуніктің қолы мен мөрі тұр. Осыдан кейін базар әкімшілігі саудагерлерге бұйрықты бұзған адам сауда жасайтын орнынан айрылып, 400 манат (114 доллар) айыппұл төлейтінін ескерткен", - дейді сатушылармен сөйлескен Азатлык тілшісі.

Ашхабад базарларында 500 граммдық тандыр нан 3 манат, ал сүтке пісірілгені 5 манат тұрады. Бағаны төмендетуге саудагерлер наразы.

“Қазір түркімен өндіретін ұн табу өте қиын. Тіптен табылған күннің өзінде нанды тек түркімен ұнымен пісіруге болмайды. Мұндай нанды ешкім сатып алмайды, себебі түсі қара-көк болып кетеді. Ал Ресей ұнының бір келісі 12 манат тұрады. Мұнан бөлек базарда тұратын орнымыз үшін, әр шаршы метрге үш манаттан төлейміз. Егер нанды бір манаттан сатсақ, бізге ешқандай пайда әкелмейді", - дейді саудагердің бірі.

​Оның сөзінше, тұрғындар түсіністікпен қарап, нанды 5 манатқа сатып алады.

Азатлык тілшісінің хабарлауынша, нан бағасын төмендету жөніндегі талаптан кейін, базарларда нан сататын орындар азайып қалған.

XS
SM
MD
LG