Ссылки доступа

Дариға Назарбаева журналистерге "байбалам салмауға" кеңес берді (видео)


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент сенатының депутаты Дариға Назарбаева журналистердің іс-шараға қатысу тәртібін қатаңдататын үкімет жоспарына байланысты пікірін білдірді.

Назарбаева журналистке аккредитация беру тәртібі туралы бұйрыққа енгізілмек өзгерістер жобасымен әлі танысып үлгермегенін, бірақ оны қарап шығатынын айтты.

"Алдын ала байбалам салудың керегі жоқ" деді ол БАҚ өкілдеріне. Журналистер үкімет былтыр БАҚ туралы заңға "баспасөз құралдарының жағдайын қиындататын" өзгерістер енгізгеннен кейін алаңдаушылыққа негіз барын айтты. Дариға Назарбаева селқостық таныттыңдар деп журналистердің өзін кінәлады.

- Қазіргі заманда журналистердің аузын жабуға болмайды. Қазір интернет арқылы сөзін ашық айтуға бірталай мүмкіншіліктер бар. Әрине, журналистер елдің мүддесін қорғап, олардың пікірін үкіметке де, қоғамға да жеткізеді. Ал енді [БАҚ туралы] заңды айтып жатырсыздар, кезінде заңды талқылағанда журналистер біздің жұмыс топтарына келіп өз пікірін айтқан жоқ, тым-тырыс қалды. Ал енді қазір журналистерге өте мықты қоғам керек... Құқықтарыңды қорғау үшін күресуді үйреніңдерші, іс біткеннен кейін ойбайламай, - деді Назарбаева.

Ол журналистердің жұмысына қатысты үкімет бұйрығына өзгерістер енгізу мәселесіне алдағы аптада қайта оралатынын айтты.

Журналистерді іс-шараларға қатыстыру ережесін қатаңдатуды көздейтін үкімет бұйрығының жобасы нормативтік құқықтық актілердің электрондық базасында 13 ақпанда жарияланды. Жобада "жиын, отырыстар мен басқа да іс-шаралар өтетін ғимаратта журналистерді орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда мекеме журналисті тіркеуден бас тартуы мүмкін" деген бап бар. Журналист тіркеу туралы өтінішіне аккредитация беруші мекеменің ішкі тәртібін және модератор белгілеген регламентті сақтауға жазбаша келісімін және журналист пен БАҚ арасындағы келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжат көшірмесін қосып ұсынуы тиіс делінген. Журналисті тіркеуден бас тартуға негіз болатын себептер көбейген.

Қазақстандық кей журналистер үкіметтің бұл жобасына алаңдаушылық білдірді. Қазақстан журналистері одағының жетекшісі Сейітқазы Матаев жобаны талаптары ақылға симайтын әрі азаматтық журналистиканы жоюға негіз болатын құжат деп сынады.

XS
SM
MD
LG