Ссылки доступа

Қазақстан халықаралық құқық қорғаушыларды Астанадан Киевке депортациялады


Аэропорт в Астане.
Аэропорт в Астане.

Қазақстанға мониторинг жасауға келген Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының өкілдері Людмила Волошина мен Валерий Явтушенко 15 ақпанда таңғы әуе рейсімен Киевке депортацияланды. Украина консулы өз елінің азаматтарына жолыға алмағанына наразылық білдірді.

Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының атынан Қазақстанға келген Украина азаматтары Людмила Волошина мен Валерий Явтушенконы 14 ақпанда кешке Астанада полиция ұстап әкетті. Олардың үстінен қозғалған әкімшілік істі түн мезгілінде Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қарап, екеуін де Қазақстаннан депортациялау туралы шешім шығарғаны кейін мәлім болды.

Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының Польшадағы өкілі Максим Сытниковтың Азаттыққа хабарлауынша, Волошина мен Явтушенко жұмыстан шеттетілген Ақтау қалалық сотының судьясы Мәлік Кенжалиевпен бірге 15 ақпанда Астанада батыс елдері елшіліктерінің өкілдерімен кездесіп, сенбі күні қайтпақшы болған.

Максим Сытников Людмила Волошинаны 14 ақпанда Астанадағы "Комфорт" қонақ үйінен белгісіз адамдар алып кеткенін айтты. Волошина шетелдегі өкілдікке қоңырау шалып, өзін әкетіп бара жатқаны туралы хабарлап үлгерген.

Әріптесін алып кеткенін естіген соң бейсенбі күні Украинаның Астанадағы елшілігінен көмек сұрауға бара жатқан Валерий Явтушенконы көшеде полиция тоқтатып, мәжбүрлеп алып кеткені туралы Азаттық тілшісіне адвокат Төлеген Шаиков айтты.

- Жол полициясы патрулі оны көліктен күштеп түсіріп, миграциялық полицияға алып кетті. Оның қандай заң ережесін бұзғаны туралы айтқан жоқ. Мен соңынан келдім, - деді Шаиков.

Төлеген Шаиков Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жариялаған видеода Валерий Явтушенконың "заңға бағынып полиция бөлімшесіне жүруін сұраған" полиция қызметкері бейнеленген.

Азаттық тілшісі 14 ақпанда сағат 21:00 шамасында шетелдік құқық қорғаушылар жеткізілді деп хабарланған Астана қаласының миграциялық полициясына барды. Полиция ұстаған украиналық азаматтарға жолығуға келген Украинаның Қазақстандағы консулы Иван Алмаши миграциялық полиция ғимаратының есігін қағып үш сағат бойы тұрғанымен ешкім есік ашпады. Осы уақыт ішінде сырттан келген полиция өкілдері де есікті қатты ұрғылағанымен есік жабық тұрды.

Украина консулын көші-қон мекемесінің ғимаратына кіргізбеді:

Консула Украины не допустили к задержанным правозащитникам
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

Ғимараттың ішінде Өзбекстаннан келген мигранттар жүргені байқалды. Түнгі сағат бірге қарай Валерий Явтушенконы көшеден ұстап әкеткені жайлы адвокат Төлеген Шаиков жариялаған видеоға түсіп қалған полиция қызметкерлерінің бірі ғимараттан мигранттармен бірге сыртқа шықты. Украина азаматтары неліктен ұсталғаны жайлы Азаттық тілшісінің сауалына полиция қызметкері жауап беруден бас тартты.

- Консулдың ішке кіріп, өз елінің азаматтарымен тілдесуіне мүмкіндік бермеді. Бұл - Халықаралық қатынастар туралы Вена конвенциясын, дипломатиялық қатынастар туралы конвенцияны өрескел бұзу. Украина азаматтарымен кездесуге мүмкіндік берілмегені туралы арнайы нота дайындаймыз, - деді Иван Алмаши Азаттыққа.

Иван Алмаши Украина азаматтарын іздеп Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына да барғанымен ол жердегі күзет қызметкерлері ешқандай соттың болмағанын мәлімдеді.

Астана қалалық полиция департаменті Nur.kz сайтына берген түсініктемесінде Қазақстанға жеке шаруасымен келген Украина азаматы Людмила Волошинаның "сапарына қатысы жоқ іспен айналысқаны" анықталып, оған әкімшілік құқық бұзу жайлы хаттама толтырылғанын және ісі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жіберілгенін айтқан.

14 ақпанда Людмила Волошина мен Валерий Явтушенконы полиция ұстап алып кеткен соң шамамен сағат 20:00 кезінде бұған дейін Ақтау қалалық соты төрағасы қызметінен шеттетілген Мәлік Кенжалиев өзіне еш қысым көрсетілмегені және халықаралық қолдауға мұқтаж емес екені туралы мәлімдемесі жазылған видеоны Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жариялады.

Бұған дейін Мәлік Кенжалиев Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін 179-бап бойынша айып тағылған Айгүл Ақбердиеваны ақтаған сот шешімінен соң "саяси себеппен" қысым көріп жатқанын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған еді.

10 ақпанда Ақтау қаласында Мәлік Кенжалиев өткізбекші болған брифингке қатысуға шетелдік құқық қорғаушылар Людмила Волошина мен Валерий Явтушенко да барған болатын. Бірақ ол брифинг өтпей қалды.

XS
SM
MD
LG