Ссылки доступа

Ислам Каримов анасының денсаулығы нашарлауына байланысты Мирзияевтан көмек сұрады


14 ақпанда Өзбекстанның тұңғыш президентінің Лондонда тұратын үлкен немересі Ислам Каримов үйқамақта отырған анасы Гүлнара Каримованың денсаулығы нашарлағанын мәлімдеді.

26 жастағы Ислам Каримов өзінің Instagram'дағы парақшасы арқылы президент Шавкат Мирзияевқа өтініш жасап, анасына көмектесуін сұраған.

"Белгісіз бір себептермен анама қатты қысым жасалып, оның қан қысымы көтерілген, дәрігерлерді жібермейді", - деп жазды ол.

Дегенмен Өзбекстанның Бас прокуратурасы Каримов сөздерін жоққа шығарып отыр. "Гүлнара Каримованың дәрігерге қаралуына ешқандай кедергі жоқ. Оның ұлының жазғандарына ешқандай дәлел жоқ" деп жауап берді Бас прокуратура.

Еске салайық, өткен жылы желтоқсанда Каримов әлеуметтік желіде анасы Гүлнара Каримова қоғамдық өмірге қайтадан араласа бастайды деп жазған.

Өзбек билігі Каримованың жағдайына қатысты ақпаратпен бөліспей оты. Үкіметтегі дереккөздер өткен жылы жазда Каримова колониядан Ташкенттегі пәтерлерінің біріне ауыстырылғанын хабарлаған. Оның үйінде қамауда ұстап отыр.

14 ақпанда Каримованың жағдайын жақсы білетін бір шенеунік оның сыртқы әлеммен байланысы толық үзілгенін айтқан. Билік оған адвокатпен кездесуге де рұқсат бермеген.

Еске салайық, 2017 жылы 28 маусымда Бас прокуратура Гүлнара Каримованың 2015 жылы бес жылға сотталғанын хабарлады. Бұған қоса Каримоваға қатысты басқа да істер бойынша тергеу жүріп жатыр.

XS
SM
MD
LG