Ссылки доступа

Оралдық белсенді полиция ғимаратынан құлап, ауруханаға түскен


Ақпанның 16-сы күні Оралда белсенді Әлібек Ерғазиев қалалық ішкі істер департаменті ғимаратының үшінші қабатынан құлап, ауруханаға түскен.

"Ауруханада оған иығының сүйегі мен қабырғасы сынған, көкірек қуысын ауыртып алған, бас сүйегі жараланған деген диагноз қойды" деп жазды "Уральская неделя" газетінің редакторы Лұқпан Ахмедьяров Facebook-тегі парақшасында.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 16 ақпанда таңертеңгі сағат 11-де оны полиция 13 ақпан күнгі әкіммен кездесу кезінде жасаған "бұзақылық әрекеттері үшін" ұстап, бөлімшеге жеткізген.

"Хаттама толтыру кезінде үшінші қабаттағы полиция басқармасының қызметтік кабинетінде отырған Ә.Ерғазиев жауапкершіліктен қашу мақсатында күтпеген жерден терезені ашып, секіріп кетті. Соның нәтижесінде жарақат алды. Медициналық көмек беру үшін жедел жәрдем бригадасымен ол қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді" делінген полицияның ақпарат құралдарына берген мәліметінде.

Ал туыстары 17 ақпанда Орал прокуратурасына келіп, оқиғаға кінәлілерді жазалауын талап етті. Блоггер Асқар Шайғұмаровтың айтуынша, Әлібек Ерғазиевтің әкесінің өтінішін прокуратура қабылдаған. Туыстарына әзірге Әлібек Ерғазиевті көруге рұқсат берілмеген.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қазір полиция ғимаратында болған оқиғаға байланысты қызметтік зерттеу жүріп жатыр. "Ұсақ бұзақылық" бойынша Ерғазиевтің үстінен қозғалған әкімшілік іс Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілген. Бұл бап бойынша бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу немесе он күнге дейін қамау жазасы қарастырылған.

13 ақпанда Орал қаласы әкімі және облыс әкімімен кездесуге келген белсенді Әлібек Ерғазиевті полиция қызметкерлері көптің көзінше жиын өтіп отырған залдан күшпен ұстап алып кеткен еді.

Оралда таралатын "Уральская неделя" басылымының редакторы Лұқпан Ахмедьяровтың хабарлауынша, кеше белсенді Мақсат Айсауытов "билік өкіліне бағынбады" деген айыппен үш күнге қамалған.

XS
SM
MD
LG