Ссылки доступа

Трамп ЕО-ны ИМ қатарында соғысқан азаматтарын қайтаруға шақырды


АҚШ президенті Дональд Трамп "Ислам мемлекеті" террористік тобының толық жеңілуіне аз қалғанын айтып, Еуропа елдерін аталған топ қатарында соғысқан 800-ден астам содырды елдеріне қайтарып, сотқа тартуға шақырды. Бұл жайлы Трамп 16 ақпанда Twitter-дегі парақшасында жазды.

Ол "Ислам мемлекеті" тобы толық күйреген соң террористердің Еуропаға баруы мүмкін екенін айтып, Еуропа елдерін терроризммен белсендірек күресуге шақырған.

Бұған дейін Еуропа елдері және өзге де мемлекеттер жүздеген азаматының "Ислам мемлекеті" террористік тобы қатарында соғысып жүргенін мәлімдеген. Олардың кейбірі қаза тапқан, кейбірі ұсталған, ал кейбірі әлі күнге дейін елдеріне оралуға талпынып отыр. Ресми билік олардың "радикалдануынан" қауіптенеді.

Бұдан екі жыл бұрын Сирияның оңтүстік-шығыс аймағын түгелдей басып алған ИМ тобы қазір елдің оңтүстік-шығысындағы Иракпен шекаралас аймақта Евфрат өзені бойындағы аз ғана жерді ұстап отыр. Ақпан айының басында ол жерден 20 мыңға жуық бейбіт тұрғын кетіп қалған. ИМ тобынан азат етілген территорияның бір бөлігін Сирияның үкімет күштері бағындырса, енді бір бөлігін АҚШ қолдайтын Сирия демократиялық күштері бақылауына алған.

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы ИМ басып алған территория толық азат етілгені туралы жақында ресми түрде жарияланады деп мәлімдеген. Бұған дейін Сириядан АҚШ әскерін шығаруды бұйырған Трампты конгресс мүшелері сынаған. Сенат тыңдауында сөйлеген АҚШ орталық әскери басшылығының жетекшісі генерал Джозеф Вотел АҚШ әскері Сириядан кеткеннен кейін ИМ қайта бас көтеруі мүмкін деп ескерткен.

XS
SM
MD
LG