Ссылки доступа

Өзбекстанда мұғалімдердің оқушыларды жаппай ұрып-соғуын тексеріп жатыр (видео)


Өзбекстанның Навои қаласындағы арнайы орта мектеп оқушыларын жаппай ұрып-соққан екі мұғалімге сөгіс жарияланды.

Журналистердің қолына түскен видеода бір жас жігіт қатарда тізіліп тұрған оннан астам оқушыны жұдырықпен ұрып жүр. Оның жұдырық сілтеуі боксшы техникасын еске түсіреді. Видеода «боксшы» балалардан: «Мен кімді ұрдым?» - деп сұрайды. Жұдырық тиген оқушылар: «Ешкімді!» деп жауап беріп тұр.

Тексеру барысында бұл оқиғаның Навои қаласындағы арнайы мәдениет мектебінде болғаны анықталды. Куәгерлердің бірінің айтуынша, видеоны оқушылардың бірі жасырын түсіріп алған.

«Видео мектеп жатақханасындағы есіктердің бірін сындырған күні түсірілген. Тәрбиеші Сулаймон Кучкаров есікті сындырған адамды табу үшін оқушыларды жазалаудың осы әдісін таңдаған. Балаларды ұрып тұрған жас бала – жатахқана старостасы. Кучкаров оны көмекші ретінде пайдаланады», - деді куәгерлердің бірі.

Мектеп директоры Голиб Сатторов бұл видеоның өзі басқаратын білім мекемесінде түсірілгенін растады. «Оқиға өткен жылы 14 қазанда болған. Балаларды ұрған староста мәселені осылай шешпек болған», - деді Сатторов.

Директор кінәлілерге қатысты тиісті шара қолданылғанын айтты. Бірақ жұдырықтың астында қалған студенттер кінәлілерге тағылған жазаны тым жеңіл деп есептейді. «Мұндай жағдай жатақханада күнде болады. Мектеп әкімшілігіне шағымданудан ештеңе өзгерген емес», - деді куәгерлердің бірі.

Өзбекстан мәдениет министрлігі қызметкерінің айтуынша, Навои қаласындағы бұл мектептің басшылығы оқушылардың соққыға жығылғанын министрліктен жасырып қалған. «Тәртіп бойынша, мектеп оқушылардың соққы жегенін министрлікке хабарлауы тиіс еді. Біз бұл мәселені тексереміз», - деді министрлік өкілі.

XS
SM
MD
LG