Ссылки доступа

Стамбұлда теракт жасады деген күдікті өзбекстандық кінәсін мойындамайды


Стамбұлдағы түнгі клубта теракт жасады деген айыпталушы, Өзбекстан азаматы Абдулқадір Машарипов қылмысқа қатысы барын теріске шығарып жатыр.

Hurriyet басылымының жазуынша, 18 ақпанда сотта Машарипов "Мен бұл қылмысты жасамадым. Мен түнгі клубта Калашников автоматымен оқ атқан адам емеспін" деген.

Өзбекстан азаматы Абдулқадір Машариповқа қатысты сот процесі 2017 жылдың желтоқсан айында Стамбұлдың Силиври түрмесінде басталған.

Машарипов терактіден 17 күн өткеннен кейін, Reina түнгі клубына шабуыл жасаушы деген күдікпен ұсталған.

Прокурорлар Абдуқадір Машариповқа өмір бойы түрме жазасын сұрап жатыр. Машарипов түнгі клубтағы шабуылға қатысы бар деген күдікпен ұсталған 57 адамның бірі. Айыпталушылардың арасында әйелі Зарина Нуруллаева да бар.

2017 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Стамбұлдың түнгі клубында шабуыл болып, 39 адам қаза тауып, 69-ы жарақат алған. Терактіні "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы мойнына алған.

XS
SM
MD
LG