Ссылки доступа

The Washington Post: Тәжікстанда Қытайдың құпия әскери базасы бар


Мургаб
Мургаб

Тәжікстанның Таулы-Бадахшан автономиялық облысы, Мургаб ауданында Қытайдың әскери базасы бар. Құпия база үш жылдан бері жұмыс істеп келеді.

The Washington Post газеті Тәжікстанның Қытаймен шекаралас аумағында әскери база бар екенін жазады. Бірақ мұны не Душанбе, не Бейжің ресми түрде хабарлаған емес. Қытай әскери базасы Мургаб ауданында, ауған шекара бекетіне жақын маңда орналасқан дейді мақала авторы Гарри Ших. Ол бұл әскери базаға барып, көзімен көрген.

Гарри Ших Мургаб базарында қытайлық сарбаздарды кездестіргенін жазады. Ма есімді сарбаз The Washington Post журналисіне үш-төрт жылдан бері тәжік аумағында тұрып жатқанын айтқан. Автордың сөзінше, қытайлықтар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аудандағы әскерилерге арналған форманы киіп алған.

Америкалық журналист әскери база аумағында Қытайдың және Тәжікстанның мемлекеттік рәміздері ілулі тұрғанын баяндайды. The Washington Post спутник арқылы түсірілген суретті жариялаған. Онда казарма мен оқу алаңы көрінеді.

Әскери база орналасқан жер стратегиялық аймақ. Онда үш елдің шекарасы (Тәжікстан, Қытай және Ауғанстан) орналасқан. Оның жанында Ауғанстанға тиесілі Вахан дәлізі бар. Бұл аймақ ауған тарабынан мүлдем күзетілмейді. Бұл көрші елге экстремистердің енуін жеңілдетеді.

Мургаб тұрғындарының айтуынша, мұнда жүздеген қытай сарбазы бар. Қытайлықтар жергілікті базардан жүздеген келі қодас етін сатып алады екен. Қытай сарбаздарын тәжік аудармашысы ертіп жүреді дейді. Газет Мургаб базарынан тауар сатып алып тұрған екі қытайлық әскеридің суретін жариялаған.

​The Washington Post Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың әскери мекемесі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Тәжікстанның СІМ ресми газет арқылы елінде ешқандай Қытайдың әскери базасы жоқ әрі бұл ешқашан талқыланған емес деп сұқбат берген.

Былтыр жазда Қытай Ауғанстанның Бадахшан провинциясында терроризммен күрес ынтымақтастығы аясында әскери-жаттығу базасын салған. Бұл жөнінде South China Morning Post газеті дереккөзіне сілтеме жасап, хабарлайды.

XS
SM
MD
LG