Ссылки доступа

Тәжік-өзбек шекарасында жаңа "Гиссар-Бабатаг" шекара бекеті ашылады


Тәжік-өзбек шекарасында жақында Тәжікстанның Гиссар ауданы мен Өзбекстанның Бабатаг Узун ауданын біріктіретін бақылау-өткізу бекеті ашылады.

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы жаңа шекара бекетін ашу жөніндегі үкіметаралық қаулыны мақұлдады.

Тәжікстанның шекара әскерінің қолбасшысы, генерал-полковник Раджабали Рахмонали жаңадан ашылатын Гиссар-Бабатаг өткізу бекеті жергілікті тұрғындарға көрші елге баруды жеңілдетіп қана қоймай, өзге тәжік-өзбек шекарасындағы кезекті азайтады деді.

Жаңадан ашылатын өткізу бекеті халықаралық мәртебеге ие болмайды екен. Бұл жерден тек тәжік пен өзбек азаматтары ғана өте алады. Шетел азаматтары өзге тоғыз халықаралық шекара бекетін пайдалана алады.

Былтыр тамыз айында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Ташкентке сапары барысында екі ел арасында жаңа шекара бекетін ашу жөнінде келісімге келген.

Ресми мәлімет бойынша, 2018 жылдың 1 наурызынан бастап екі ел арасында визаны алып тастау шешімінен кейін, тәжік-өзбек шекарасынан 1 млн 384 мың адам өткен.

XS
SM
MD
LG