Түркіменстан шекарасынан 40-тан астам жүк көлігі мен 100 вагон өте алмай тұр. Бұл туралы 20 ақпанда Тәжікстан көлік министрлігінің өкілі Фарид Якубов мәлімдеді.
"Глобал Плюс" көлік компаниясының қожайыны Парвиз Шариповтың айтуынша, жүктері шекарада ұзақ уақыт тұрып қалғаннан, зиян шегіп жатыр. "15 тәулік рұқсат береді. Егер осы арада өте алмай қалсаң, айыппұл төлейсің. Бір көлік үшін күніне 20 доллар, жүргізушілерден 10 доллар алады. Мұнан бөлек жүргізушілердің жататын жері, ішетін тамағы бар", – дейді Парвиз Шарипов.
Бұл компанияның қазіргі таңда 100-ден астам жүк көлігі шекарада тоқтап тұр. Оның ішінде 5 фура түркімен-иран "Сарахс" шекара бекетінде, Машадтағы "Вижан" бекетінде 40-45-тей жүк көлігі шекарадан өте алмай тұр.
Осыған дейін Тәжікстанның кеден қызметінің басшысы Хуршед Каримзода шекарада жүктерді өткеру бойынша Түркіменстанмен дипломатиялық келіссөздер жүріп жатқанын айтқан.