Президенттің мәлімдемесі мен үкіметті тарату туралы жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.
Назарбаев мәлімдемесінде үкіметтің жұмысын сынаған.
"Көптеген заңдар мен үкіметтің шешімдері қабылданса да, экономикада оң өзгеріс болмады, мақсаттар орындалмады. Ішкі жалпы өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен ұлттық банк экономиканың өсуіне жағдай жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалғанымен негізгі бағыттар бойынша нақты нәтижеге қол жетпеді. Жұмыс орындары аз құрылып жатыр. Әсіресе, ауылдарда жұмыс орындары аз. Шағын және орта бизнес өскен жоқ. Шағын және орта бизнесті дамыту әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болған еді" деді Назарбаев мәлімдемесінде.
Назарбаев "әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын" айтқан.
Қазақстан президенті халықтың табысы өспегенін, азық-түлікке кететін шығынның көбейгенін айта келе: "Бұл үкіметтің, министрлер мен әкімдердің халықпен жұмыс істей алмайтынын, халықтың мәселесін тыңдай алмайтынын көрсетеді. Менің ойымша, үкімет отставкаға кетуі керек. Жаңа үкімет халықтың жағдайын көтеріп, экономиканы дамытуы үшін нақты қадамдар жасауы тиіс" деді.
Қазақстан президентінің пайымдауынша, қазіргі үкімет бюджет қаржысын дұрыс пайдаланбаған.
30 қаңтарда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті сынап, "қорқаққа" теңеген. Жиында үкіметтің жұмыс қорытындысы туралы баяндаманы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев емес, оның орынбасары Ерболат Досаев жасады. Былтыр мұндай баяндаманы Сағынтаевтың өзі жасаған. Сонда президент премьерді "өзіндік сыны жоқ" деп айыптаған. Бірақ жиын соңында үкімет жұмысын жалғастыра беретінін айтқан.