Ссылки доступа

Тәжікстан түрмесіндегі бүлікті тергеу ісі Жоғарғы сотқа жіберілген


Худжандтағы №3/3 қатаң режимдегі колонияда бүлік шығарған 30 сотталушыға қарсы тергеу аяқталып, іс Жоғарғы сотқа берілген.

Ресми мәлімет бойынша, былтыр қараша айында болған түрмедегі жаппай тәртіпсіздіктен 21 сотталушы қаза тапқан. Бүлікті басу кезінде түрменің екі қызметкері қаза тауып, бес күзетші ауыр жараланған.

Бүлікке қатысушы сотталушылар түзеу мекемесінің тәртібін бұзды, адам өлтірді деп айыпталып жатыр.

Тәжікстанның Жоғарғы соты 21 ақпанда елдің бас прокуратурасы істі жібергенін растады. Сот тыңдауы жақын күндері өтпек.

Жоғарғы сот айыпталушылардың туыстарына адвокат жалдауды ұсынған. Ұлы бүлікке қатысты деп айыпталып жатқан Исфара тұрғыны мемлекеттік айыптаушылардың нақты дәлелі жоқ деп есептейді. «Мен бірер күн бұрын Душанбеге барып, бас прокурорға, президент әкімшілігіне шағымдандым. Бірақ ол жақтағылар маған мардымды ештеңе айтпады. Мен адвокат жалдау үшін, амалсыздан дүние-мүлкімді сатуыма тура келеді», - деді айыпталушының анасы.

Худжанд түрмесінде бүлік кезінде нақты қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін белгісіз. Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин былтыр Брюссельге барған кезінде өлтірілген сотталушылардың бәрі терроризм айыбымен сотталғандар деп мәлімдеді.

Кейбір ақпарат көзіне қарағанда, шын мәнінде бүлік кезінде 53 адам қаза тауып, 186-сы жараланған.

Түрмедегі жаппай тәртіпсіздіктен кейін, колонияның жеті қызметкері ұсталды. Бұл бүлікті "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы мойнына алды.

XS
SM
MD
LG