Ссылки доступа

Ресейдің ондаған қаласында Борис Немцовты еске алу маршы өтті (видео)


24 ақпанда Ресейдің Мәскеу, Петербург, Воронеж, Ярославль секілді бірқатар қалаларында оппозициялық саясаткер Борис Немцовты еске алу маршы өтті.

Мәскеуде өткен маршқа 10 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл "Белый счетчик" ұйымының мәліметі. Ал полиция ақпараты бойынша, алты мыңдай адам қатысқан.

Акцияны "Солидарность" қозғалысы, ПАРНАС және "Яблоко" партиялары, коррупцияға қарсы қор және өзге оппозициялық ұйымдар ұйымдастырған. Халық алдында Михаил Касьянов, Владимир Рыжков, Алексей Навальный, Илья Яшин, Дмитрий Гудков, Владимир Кара-Мурза секілді белгілі саясаткерлер сөз сөйледі. Акцияға келгендер "Батыр өлмейді", "Ресей азат болады", "Путинсіз Ресей" секілді плакаттар көтеріп тұрды. Саяси тұтқындарды босату туралы үндеулер де болды.

​Санкт-Петербургте өткен митингке әртүрлі мәлімет бойынша, екі мыңнан үш мыңға дейін адам жиналған.

Билік митинг өткізуге екінші рет жазылған өтініштен кейін рұқсат берген. Сөйлегендер Борис Немцовты өлтіруге тапсырыс берушінің табылмағанына наразылық білдіріп, демократиялық өзгерістерді талап етті.

Немцовты еске алуға арналған акция Ресейдің ондаған қаласында өтті. Билік рұқсат етпеген қалаларда жалғыз адамдық пикеттер болды.

Ресейлік оппозиционер Борис Немцов 2015 жылы ақпанның 28-іне қараған түні Мәскеу қаласында Кремльге жақын маңдағы көпір үстінде ту сыртынан атқан алты оқтан ажал құшты. Оның қазасы бойынша айыпталғандарға сот үкімі 2017 жылы шілдеде шыққан. Саясаткерді атып өлтірген Заур Дадаевты 20 жылға бас бостандығынан айырды, тағы төрт адамға 11 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы тағайындалды. Адам өлтіруге кім тапсырыс бергені әлі күнге дейін анықталған жоқ.​

XS
SM
MD
LG