Ссылки доступа

Душанбеде құрылысшылар 33 метрлік биіктіктен құлап түскен


Душанбеде Орталық мешіт құрылысын жүргізіп жатқан оншақты жұмысшы 33 метр биіктіктен құлап кеткен. Бұл жөнінде Душанбедегі Исмоили Сомони аудандық прокуратурасы хабарлады.

«Қайғылы жағдай 25 ақпанда мешіттің бас күмбезін монтаждау жұмыстары кезінде орын алды. Құрылыс сатысы сынып кетіп, ондағы құрылысшылардың бәрі құлап түсті. Шамамен сегіз жұмысшы Ұлттық медициналық орталыққа жедел түрде жеткізілді», - деп хабарлады жұмысшылардың бірі Зоир Гиёев.

Зардап шеккендердің бірінің жағдайы өте ауыр.

Мешіт құрылысын салушының бірі Мұхаммадали Сұлтонов төтенше жағдай жұмысшылардың өздері техникалық қауіпсіздікті сақтамауынан орын алды дейді.

Орталық Азиядағы ең ірі мешіт болады деп болжанатын бұл құрылысты ел президенті Эмомали Рахмонның өзі тікелей қадағалауына алған. Оның іргетасы 2009 жылдың аяғында қаланған. Құрылыс 12 гектар жерді алып жатыр.

Бүгінде мешіт құрылысында 300-ге тарта маман жұмыс істеп жатыр. Құрылыстың 75 пайызы аяқталған.

Жоба құны - 100 млн доллар. Оның 70 пайызын Қатар мемлекеті, қалған 30 пайызын Тәжікстан үкіметі қаржыландырады.

XS
SM
MD
LG