Ссылки доступа

Тәжікстан: экстремистік топтар шекараға жақын жерге топталып жатыр


Тәжікстан шекара қызметі Ауғанстанмен шекара маңына алты мыңға жуық шетелдік содырдың жиналып жатқанына алаңдайды. Бұл туралы 26 ақпанда Орталық Азия, Ресей және Ауғанстан өлкелерінің шекара басшыларының кездесуінде мәлім болды.

Тәжікстанның шекара қызметінің төрағасы Ражабали Рахмонали Ауғанстанның Бадахшан, Құндыз және Тахор провинцияларында террорлық топтардың шоғырлануына алаңдаушылық білдіреді. Оның айтуынша, аталған аймақтарда 16 мың 770 жаушы бар, олардың 6 мың 370-і – шетелдік жалдамалы соғысушы. "Олар террорлық даярлықтан өту үшін 36 лагерь құрған. Негізінен бұлар – "Талибан", “Ансоруллох”, “Түркістан ислам қозғалысы" және "Ислам мемлекеті" террорлық топтары", – дейді Тәжікстанның шекара қызметінің төрағасы.

Тәжікстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Абдурахим Каххаров көктемнің келуімен террорлық топтардың күш алатынын айтып, мыңнан астам шекаралас елді-мекен қатаң күзетілу керек деген.

2018 жылы қараша айында Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымы хатшысы Валерий Семериков Ауғанстанның Тәжікстан және Түркіменстанмен шекаралас аймақтарында экстремистік топтардың топталып жатқанын ескерткен.

Ауғанстанның Тәжікстанмен шекарасының жалпы қашықтығы – 1344 шақырым.

XS
SM
MD
LG